Алматыда қарақалпақстандық белсенділер ұсталды

Нүкіс оқиғасынан кейін Алматыда қарақалпақстандық белсенділер ұсталды


14/09/2022
11:59 28051 0

Қыркүйектің 13-інен 14-іне қараған түні Алматыда Қазақстанда тұрып жатқан Қарақалпақстан белсенділері Жангелді Жақсымбетов пен Қошқарбай Төремұратовты белгісіз адамдар ұстап әкеткен. «Шырақ» орталығы бұның артында Өзбекстан арнайы қызметі тұр деп есептейді. 

 

«Шырақ» Қарақалпақстан демократиялық қозғалысы орталығының мәліметінше, Жангелді Жақсымбетовтің пәтеріне түнгі сағат 24:00 шамасында бірнеше адам басып кіріп, ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен. Жақсымбетов тіркелмеген «Азатлық» партиясының лидері болған. 

 

Қошқарбай Төремұратовтың әйелі Ғалия Мәндібаеваның сөзінше, күйеуін өздерін Қазақстан құзырлы органдарында жұмыс істейміз деп таныстырған екі адам келіп алып кеткен. Бірақ ешқандай құжат көрсетпеген. Кейіннен жұбайы телефон соғып, өзін Өзбекстанға алып кету үшін Өзбекстан ІІМ подполковнигі Николай Бабаниязовтың келгінін айтқан.

 

– Кеше кешкі сағат ондар кезінде үйге екі жігіт келді. Ешқандай құжат көрсетпестен, гражданский формада келіп, күйеуімді алып кетті. «Ешнәрсе болмайды, 1-2 сағат тергеу аламыз да әкеліп тастаймыз. Өзбекстаннан адамдар келді, солар тергеу жасайды. Біз тек шақырып беруші адамбыз» деді. Кейіннен күйеуім хабарласып: «Маған Өзбекстан Қылмыстық Кодексінің 244/1 («қоғамдық тәртіпті бұзатын, қауіп төндіретін материалдарды дайындау және тарату») және 159 баптары («Өзбекстан Республикасының Конституциялық құрылымына қауіп төндіру») бойынша айып тақты, Өзбекстанға алып кетейін деп жатыр» деді, – дейді Ғалия Мәндібаева.

 

«Шырақ» орталығы Николай Бабаниязовтың Қарақалпақстандағы белсенділерді ұстау мен азаптауға қатысқанын мәлімдеді. Оны қамаудан бостандыққа шыққан белсенділер растаған. 

 

Қошқарбай Төремұратов 2017 жылы «PIKIR» ютуб арнасын ашқан. Бұған дейін оны Өзбекстан тарабының өтініші бойынша Қазақстан күштік құрылымдары бірнеше рет ұстаған. Төремұратов 2014 жылы Өзбекстанға анасының жаназасына барған уақытта ұсталып, сотталған. Түрмеден 2017 жылы мерзімінен бұрын шыққан. Дәл осы жылы Қазақстанға қайтып оралған. Қазақстанда әйелі мен кәмелет жасына толмаған екі баласы тұрады. 

 

Төремұратов қыркүйектің соңында Варшава қаласында жыл сайын өтетін Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының (ОБСЕ) адам құқығы бойынша конференциясына барып, шілде айында Қарақалпақстанда болған халықтық толқулардың қалай күшпен басып-жаншылғанын айтпақ болған. Ресми дерек бойынша, Нүкістегі толқулар кезінде 18 адам қайтыс болып, 243 адам жараланған. 

Поделиться

Нет комментариев.

14/09/2022 11:59
28051 0

Уведомление